понедельник, 24 января 2011 г.

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 9

 «Қызыл кітап» кітабынан

Табиғат тазалығы

Бар дейсің бе өмірде азап ондай!
Дүние азса ол енді азады оңбай!
Адам таза болмайды ешқашанда
Айналайын табиғат таза болмай!

Қала сыртында

Жапырағың сарғайып бағыңдағы,
Жылжи берер тіршілік ағымдағы.
Қиын екен, апыр-ай, қиын екен
Табиғатты адамның сағынғаны.

Абдулхамид екіншінің жарлығы

Туды-өлді
Туды-өлді ұл тағы.
Түнек тірлік.
Атпай қойды құл таңы.
Өзі түгіл,
Сөзін қамап халықтың
Жарлық берді Түркияның сұлтаны.

Сақ болмасам патшамын мен несіне?!
Тақ болмаса,
Бақ болмайды несібе!
Демокрит аталмасын,
Аталса
Демократия түседі елдің есіне!

Мен сенбеймін адам түгіл қойыңа!
Құлақ керек әрбір көше бойына.
Динамо деп айтпаңыздар,
Айтасыңдар,
Динамитті салады елдің ойына!

Ажыратып сөзді ойдың тінінен,
Аяр сұлтан тынған емес мұнымен.
Әрбір сұрақ қылыш болып салбырап.
Қаламгерлер көз ілмеген түнімен.

Шетсіз-шексіз оған деген көк тіпте.
Қарғыс жаусын сұлтандыққа,
Бектікке!
Ол туралы елдің не деп айтқанын
Жаза алмаймын,
Қоямын тек көп нүкте!

Шабыт

Салауат деп,
Дұға оқып өткендерге,
Жасарады дүние көктемдерде.
Шабыт керек сол кезде,
Шабыт бірақ
Өз бетімен келмейді күткендерге.

Ерітетін іштегі жүрген мұзды
Тапса шабыт жақсы ғой бірден бізді.
А-ай, таппайды-ау!..
Өздері келеді деп
Күтпес болар ақындар жыр мен қызды!

***

Бұл адамнан бәрі де табылады.
Жаманың да,
Жақсың да танылады.
Осал болсаң
Есектей ерттеп мініп,
Мықты болсаң
Барлығы жабылады...

***

Не қиындық кездессе де жолында
Бәрі, бәрі ұлы өмірдің қолында,
Он дарынның бірі ғана өседі,
Ең күштісі емес бірақ оның да!

Не қиындық кездессе де жолында,
Бәрі, бәрі ұлы өмірдің қолында.
Он ойыңның біреуі іске асады,
Ең керегі емес бірақ оның да!

Жалғыз ғана сен емессің қоғамда,
Жалғыз ғана мен емеспін қоғамда.
Онның бірі – мыңның бірі емес қой,
Шүкір де, дос!
Шүкір де, дос, оған да!

***

Қайғы мен қуаныш – егіз бала,
Өмір сүрем осыны негізге ала.
Сыйлық емес,
Жүлде емес,
Мына маған
Жетпейді бір жылы лебіз ғана!

***

Мұндайда ерте оянған әтеш ұтты-ау,
Мұндайда қабағыңды қате шытпау...
Шіркін-ай,
Жайраңдаған жігіт шағым
Бір күліп болғанымша өте шықты-ау!

Жастығым әрі құтты,
Әрі үмітті –
Ештеңе көрмегендей –
Жар ұмытты.
Болатын көп сияқты әлі уақытым,
Бір ойланып алғанымша бәрі бітті.

Жалт еткен жас сұлудың қарасындай
Зымырап, уақыт-тұлпар, барасың ба, әй!
Жиырма менен елудің екі арасы
Алматы – Шамалғанның арасындай!

«Қызыл кітап» поэмасынан

Аңшылыққа қалай жұрт қызығады?!
Қан жуады олардың ізін әлі.
Көргеннен-ақ мылтықты
Менің үшін
Дүниенің дидары бұзылады.

Аяймын мен анасыз,
Атасызды.
Аяймын мен құлынсыз,
Ботасызды.
Хайуанатқа жасаған қиянатың –
Бауырыңа жасаған опасыздық!

Ұяламын аң аулап бел асқанға.
Түсінбеймін сол үшін таласқанға.
Ұшып бара жатпаса аққу-қаздар,
Ұяламын қарауға көк аспанға!

Қырдан безбе, бауырым,
Нұрдан безбе!
Жылататын жәйттар бар жырдан да өзге.
Жиһан қамын жамылып жоқтау керек
Жердің өзі жоғалмай тұрған кезде!

Ми дарымай,
Біреуге пұл дарыған,
Аямайды пұлын ол ұлдарынан.
Былғарыға құмар-ақ сол ұлдардың
Қымбат емес кейбірі былғарыдан!

Аңдар бастан кешкенді –
Дала кешпек.
Тарих мұңын Ертеңге ала көшпек.
Еліне де,
Ерге де пайдасы жоқ
Ешкі қыздың үстінде лама бешпент.

Тұла бойын тілгілеп сабау-қайғы,
Қара жердің жотасы алаулайды.
Орта ғасыр өткенмен
Кейбір елде
Адамдарды, бауырым, әлі аулайды!

Ысқырғанда құлдықтың қамшылары,
Белгілі ғой кімнен қан тамшылары»
Аңдып жүріп атады
Зәңгілерді
Ку-клукс-кланның аңшылары!

Өкпе емес пе осыным,
Наз емес пе?!
Кейбіреулер барына мәз емес пе?!
Туыс көп те
Жоқ бірақ туысқандық.
Адам көп те,
Адамдық аз емес пе?!

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 8

«Көкпар» кітабынан

Жерім! – деймін ондайды,
Елім! – деймін ондайды.
Тұрған тұстан жарты елі шегінбеймін.
Өзім үшін күресте жеңілсем де,
Елім үшін күресте жеңілмеймін.

Дұшпанға да,
Досқа да табылатын.
Сақтай көрсін жаратқан жаман аттан!
Батыр болып тумайсың,
Батыр болып
Кетесің
Елге деген махаббаттан!


Тілдің туы
Тілсіз келген білімнің
Түбі нағыз қиғылық.
Көсегесін тілімнің
Көтеремін ту қылып.

Дәулет деген –
Ұғыңдар! –
Кеше болса, бүгін жоқ.
Тілің болса – күнің бар
Тіл болмаса – түгің жоқ!

Тілім шипам, дәрім де.
Мәңгүрт болып күн көрмен
Абыройдың бәрін де
Маған осы тіл берген.

Жырға қосып алауын
Жалындаған от қызды,
Жүректің де қалауын
Тіл арқылы жеткіздім.

Келер пәле басыңа,
Кемел сөзге мін тақсаң.
Қастың өзі досыңа
Айналады – досыңа!

Жарлымын деп қаймақпа,
Намыс болса қаныңда.
Байлық деген байлық па
Тіл байлығы жанында?!

Диқан жаңбыр тілемес
Жатқанда астық қырманда,
Басқа қамың түк емес,
Тілдің қамы тұрғанда!

Қазақы қулық

Қазақтың қырда желдеген
Қылығы со бір ұнайды:
Алданып жүріп пендеден
Алдамақ болған Құдайды.
(Сәбидің атын Жауыз, Ұлболар деп атайтын қазақы ырым туралы)

Табиғи тірлік

Заман сырын қалай айтып таусамын!
Шатыр ұстап мәз боламыз жауса күн.
Біздер түгіл,
Сиырлардың желіні
Сағынады арулардың саусағын!

Ұлы электр тұрған кезде отты қой!
Техника құдіретін төкті ғой.
Самолет пен поезд емес,
Бүгінде
Атқа отыру қиын болып кетті ғой!

Бізден қазір жабайы өскен гүл де аулақ.
Бір дуадақ табу қиын күн де аулап.
Жұмыртқада дәм бола ма
Қоразсыз
Тауық оны тапқаннан соң күлге аунап?!


Бақыт

Бір құдырет бізді өмірге жолдайды.
Біз өмірді түсінбейміз,
Сол – қайғы.
Туа сала таудай бақыт күтеміз,
Ал шынында бақыт үлкен болмайды.

Мүмкін емес бұл өмірден исіну.
Болу керек ән әдемі,
Күй сұлу.
Бақыт деген бұлтты күні – жадырау –
Бақыт деген жұмыс болса – сүйсіну!

Келтіретін адам болсаң елге мін,
Неге керек босқа өмірге келгенің!
Бақыт егер байлық болса – бергенің,
Керек болса – Отан үшін өлгенің!

Екі нұр

Адам егер болмаса ездің бірі,
Сұлулыққа түседі кездің қыры.
Дүниеде ғаламат екі нұр бар:
Күннің нұры
Және де сөздің нұры.

Ақын бола бермейді мыңның бірі.
Мұны айтуға болмай жүр сынның
қыры.

Сөздің нұры түседі
Жүрегіңнің
Түкпіріне
Түспейтін күннің нұры.

***

Өмір солай
Жалған айтсам,
Ғайбаттасам –
Оңбайын!
Кейбіреулер демес сені қолдайын.
Жиіркенеді – лас болсаң,
Кір болсаң;
Таза болсаң – кірлетуге ол дайын.

Көл көңілге өзен болып сыйлайды.
Шөл көңілге құлақ болып құймайды.
Түие сұрар,
Бие сұрар – бай болсаң;
Кедей болсаң – көк тиынан қимайды.

Сатылмауға тиісті ғой сөз деген!
Ерлік жайлы,
Елдік жайлы - өзге өлең!
Қарамайды – адам болсаң кеспірсіз,
Сұлу болсаң – ішіп-жейді көзбенен!

Түбінде бір болады деп керегі,
Сен туралы өсек-аяң тереді.
Өліп жатсаң,
Ала алмайды тірілтіп;
Тірі жүрсең,
Ауру тауып береді!

Жоқ оларға сөзі өтетін Төлеби,
Мұның бәрі көне жырлар,
Көне күй.
Ағайынның аты ғана ағайын...
Өмір солай!
Өмір солай! –
Ce la  vie!

***

Бармағымнан бал ағып,
Мәз болмаған күнім жоқ.
Бір байлығым балалық,
Кеше болды,
Бүгін жоқ.

Бозай көздің мастығын
Білмейтұғын еркең жоқ,
Бір байлығым – жастығым,
Бүгін бар-ау,
Ертең жоқ.

Бақыт – арман, әрі үміт.
Үміт үшін нүкте жоқ.
Бір байлығың – кәрілік.
Ол біткен соң,
Түкте жоқ!

***

Өлген артық,
Тірлікте былыққанша!
Былыққанша,
Байлыққа құныққанша.

Қызып тұрар тақымды күлік қанша!
Қызықтырар көзіңді мүлік қанша!

Әдемілік өмірдің сәні білем.
Құлағымда қуаныш әні кілең.
Тамағымды жібітіп саумал шарап,
Табаныңды сорады қалы кілем.

Шүкір деңдер,
Уақытқа сиыныңдар!
Соның бәрін бақылап тұр ұйымдар.
Бір үйің бар қаланың ортасында,
Сыртында оның тағы да бір үйің бар.

Келіншектер келісті сәнді білер
Көздерімен ішіп-жеп дәмді күлер.
Бәрі қымбат, не керек, бәрі қымбат,
Арзан болса арзан тек әңгімелер.

Соның бәрін бақылап қара да тұр.
Қайда дара ақыл мен дара батыр?!
Тұрмыс солай жеңілдеп бірте-бірте,
Адам болу қиындап бара жатыр!..

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 7

«Қорамсақ» кітабынан

Болжам

Бірте-бірте жәй талдан
Бадам пайда болыпты.
Періште мен сайтаннан
Адам пайда болыпты.

Дүрегей

Қуанғаннан көкірегі нұр құшып,
Қиял құсы қырандармен бірге ұшып.
Болады деп бөрі басар қасқыр ит,
Балам менің асырады бір күшік.

Ыдыс-аяқ,
Ошақ басын жағалап.
Дәмге жақын балаларды сағалап,
Әлгі күшік бір күндері
Кәдімгі
Дүрегей болып шыға келді сабалақ.

Сәби көңіл шықпағанда құмардан,
Солғандай-ай өспей жатып гүл-арман.
Дүрегей боп бірегей боп жүргені,
Ақырында болды балам жыларман.

Өтер көңіл көп нәрсеге толмастан.
Өмір көрген мұндай іске болмас таң.
Бөрі болып өсу үшін, қарағым,
Бөлтірік боп туу керек о бастан.

Қапаланба, айналайын ұл-кенжем!
Қателік пе?!
Ол да біздер жүрген жер.
Адамдарды тани білу – ұлы өнер,
Иттерді де ажырата білген жөн.

Қазақ пен қонақ

Жігіттің қапалысын,
Азалысын
Жырменен жұбатпасаң –
Жазалысың.
Қонақсыз,
Той-думансыз өткен өмір
Өмірге саналмайды қазақ үшін.

Осындай қазақ інің,
Қазақ ағаң.
О бастан аңсағаны таза қоғам.
Адамдар арасында ғұмыр кешіп,
Адаммен араласпау –
Азам оған.

О бастан жомарт қазақ топырағы,
Ол қашан дастархансыз тоқырады.
Мейманға нәрін беріп,
Барын беріп,
Қонақтан қалғанын жеп отырады.

Халқымның ең қымбаты төрі ме еді?!
Төрден ол қай уақытта жерінеді!
Қонақсыз қалған күні
Сол қазаққа
Бір нәрсе жетпейтіндей көрінеді.

Баласы батаменен ауызданған
Бабамнан мәрттік жайлы аңыз қалған.
Болмаса өз қонағы
Көршісінің
Қонағын бірер күнге қарызға алған!

Кететін жемісіңді тонап күзде
Жел жылдар қайткенде де шолақ бізге.
Сондықтан санайды ол
Бұм өмірге
Келген бір бәріміз де қонақпыз деп.

Қырымда кездескен қазақтар

Қырым жұрттың барлығына төр бөліп,
Күн күлімдеп,
Теңіз жатты тербеліп.
Бір жасады,
Мың жасады келгендер
Суға түсіп,
Құмға қызып,
Жер көріп.

Көп екен ғой,
Көп екен ғой ғажаптар.
Жомарт өзін сақилықпен азаптар.
Қырымда да бірін-бірі қонақ қып,
Туған жерге шаршап қайтты қазақтар.

***

Тіршіліктің тыңдап көр қоңыр күйін:
Адам түгіл,
Тозады темір бұйым.
Тұрмыс пенен өмірді шатыстырма,
Тұрмыс жеңіл болғанмен,
Өмір қиын!

Ат азабын шегеді тай-құлын да,
Қанша терең сыр жатыр қайғы-мұңда?!
Шаттығың тек тұр ма екен ойын-тойда,
Бақыттың тек тұр ма екен байлығында?!

***

Кеудең кейде құса-мұңға толады,
Толады да қызыл гүлің солады.
Үйің сенің болса болар бірнешеу,
Молаң бірақ біреу ғана болады.

Мәңгі-бақи ата бермес таң күліп,
Мәнін ойла бұл өмірдің, мәңгілік!
Үйің сенің он болса да уақытша,
Молаң сенің біреу болғанменен – мәңгілік!

Мансаппенен шатыстырма мұратты,
Басқашалау қояр тарих сұрақты.
Тірідегі орынынан кей жанның
Өлгеннен соң алған орны тұрақты!

***

Бұл өмірдің асылы бар ардақтар.
Пасығы бар,
Тарайды одан тармақтар.
Сырлы көлде жем жетеді сазанға,
Сол жемдердің біреуінде қармақ бар.

Дүниені сапырыңдар,
Шайқаңдар!
Желпініңдер!
Серпіліңдер!
Байқаңдар:
Айқарыла ашылатын құшақ көп,
Сол құшақтың біреуінде сайтан бар.

***

Өзің айтшы, сыншым менің қырағы
Майға қашан тойған үйдің шырағы?!
...Бәрін, бәрін,
Бәрін алған адамға
Ә-әй, бірдеңе жетпейді де тұрады!

***

Бұл тірліктің сәттері бар сондай сұм.
Атар таңым, әдемірек болғайсың!
Тастап бәрін қылтың-сылтың мінездің
Тура жолмен жүрейін деп ойлайсың.

Тәулік бойы мәз боласың,
Тойлайсың.
Тойлайсың да,
Келесі күн оңбайсың.
Содан кейін шиша толы у түгіл,
Судың өзін көрмеспін деп ойлайсың!

Талай-талай қайталанды ондай сын.
Кейде тіпті өз үйіңе қонбайсың.
Жар көзіне жас тұндырып...
Келіншек,
Қызға қарап күлмеспін деп ойлайсың.

Күлетін іс,
Бірақ бұған күлмейсің.
Опық жейсің,
Өзіңді-өзің тілдейсің.
Тура жолмен тартып келе жатып-ақ
Қалай шығып кеткеніңді білмейсің!

***

Сүтпен бірге анаң мейір емізген,
Ақ ниетің кем болмасын теңізден.
Өседі гүл күннің уыз нұрынан,
Ал адамдар жылы-жылы лебізден.

Кім-кімнің де өнегелі бір ісін
Көре тұра көрмегендер құрысын!
Нең кетеді жақсы десең жақсыны?!
Нең кетеді дұрыс десең дұрысын?!

Бізге жеткен ата-баба сөзінен
Мен, ағайын, бір даналық сезінем.
Табам десең бір қасиет табасың
Жаман деген жолдастың да өзінен.

Жетпейді өмір тіршіліктің дауына,
Гүл отырғыз көңілдердің бауына.
Артық емес айтып қойсаң жылы сөз,
Досың түгіл,
Кейде тіпті жауыңа!

Адамдарсыз адам бағы жанбайды,
Көңіл шіркін ықыласқа қанбайды.
Жылы сөзді артығырақ айта бер,
Жаның содан жарлыланып қалмайды.

Оқасы жоқ өзен-көңіл тасыса,
Жігер берер жылы лебіз жасысаң.
Біз адамбыз,
Адам түгіл
Бұзау да
Сүйсінеді әукесінен қасысаң!

Сүтпен бірге анаң мейір емізген,
Ақ ниетің кем болмасын теңізден.
Өседі гүл күннің уыз нұрынан,
Ал адамдар жылы-жылы лебізден.

Пендешілік кім-кімге де тән деңдер.
Пайғамбарды менсінбейді менмендер.
Қай кезде де көлегейлеп күнді бұлт,
Қай кезде де үрген пілге қандендер.

Жабыменен қатар жүрсе жорғалар,
Жүрісінен жаңылар һәм қор болар.
Сұңқарларға сықылықтап сауысқан,
Сандуғашты естірпейді қарғалар.

***

Уақыт-шалғы шауып жасыл қияқты,
Қайрақ – жолдар жұқартты ғой тұяқты,
Бәрін-бәрін бастан кешіп,
Бүгінде
Отырмын түк көрмеген сияқты.

Ағайындар, жақынырақ тұрыңдар.
Алыстады кавказдар мен қырымдар.
Жоғалттым мен жолдастарды,
Достарды,
Әлі де көп жоғалтатын түрім бар.

***

Алтынды алтын,
Мысыңды мысың деймін.
Итіңді ит,
Кісіңді кісің деймін.
Бірақ Адам тұрғанда,
Ағайын деп,
Өліп-өшкен жандарды түсінбеймін.

Бұл мен жайлы сөз ғой деп қуыстанба.
Сыйысқан жөн,
Қайшы кеп қиысқаннан.
Барлық пәле шығады жұрағаттан,
Барлық сұмдық шығады туысқаннан.

Өз еркіммен бас тартып талайыңнан,
Туыс таппай,
Еңбекпен табайын нан.
Бір туғаннан шығады қызғану да,
Көре алмау да шығады ағайыннан.

Әбжыланға ақ жүрек арбалмасын,
Туысқанның туысқан жарған басын.
Қарындасың болғаннан қандай пайда,
Болмағасын, шіркін-ай, армандасың!

Туыстықпен қоздырар делебесін
Масылдарды асылдар елемесін!
Енелесің болғаннан қандай пайда,
Болмағасын, шіркін-ай, кемелесің!

Әне, туыс,
Әне, жат,
Әне, кірме...
Тегі бірдің кегі бар,
Әні бір ме?!
Қаны бірге болғаннан не пайда,
Болмаған соң шығарды жаны бірге?!.

***

Қалай тұрар бұл көзден мұң көрінбей –
Ғұмыр қысқа көктемнің гүлдеріндей.
Өмір! Өмір!
Ағызып өте шығар
Демалыстың ақырғы күндеріндей.

Мұның өзі әрі наз, әрі шыным,
Күйігіңді баспайды дәрі, шылым.
Бұл заманның қарқыны сондай қатты:
Бәрі жедел,
Бәрі тез,
Бәрі шұғыл.

Түрлі адамдар түрліше күн көреді.
Біреулер су, біреулер у береді.
Сен өмірге келіп те үлгермейсің,
Біреу сені жамандап үлгереді.

Уақыт осы –
Ол шұғыл қозғалады.
Тәрізді өмір тамыздың тозғанағы.
Бесігіңнен шығып та үлгермейсің,
Мектебіңе баратын кез болады.

Бір өртеніп, бір өшіп қыр гүлдері,
Босамайды өлеңнен жыр мінбері.
Өзің бала боп жүріп,
Бір балаға
Әке болып қаласың бір күндері.

Кеше қандай батыр ең,
Жау жүрек ең,
Жарың қандай жас еді елжіреген.
Бір күні ол кемиік кемпір болып,
Шал боласың сен өзің мәужіреген.

Қалай тұрар бұл көзден мың көрінбей!
Қызық қысқа көктемнің гүлдеріндей.
Өмір! Өмір!
Ағызып өте шығар
Демалыстың ақырғы күндеріндей.

***

Жер болмаса жеңгеге жазған аға,
Жоқтамаса жалғызын жоқтап ана...
Құдіретті сөз болып дарысам ғой
Қыз алдында қысылған бозбалаға!

Жұқармасын жүйкенің талшығы өліп,
Жақсылықты мендегі алшы бөліп.
Тасыр шөлде талықсып кеткен жанның
Таңдайына тамсам ғой тамшы болып.

Қағып тұрған гүлдердің ортасынан
Қызығамын араға бал тасыған.
Ақша таппай қысылған жомарттардың
Алтын болып шықсам ғой қалтасынан!

Шөпілдетіп шанақта күй шарабын,
Шерлі досқа шаттықтың құйшы арағын!
Үміт жібін қайтадан жалғасам ғой
Күдер үзген өмірден бейшараның!

Арман әсте тұрмайды ұя салмай,
Ағарады бірақ та мына самай:
Ойдағыға
Бойдағы күшің жетпей,
Көңіліңе
Өміріңе ілесе алмай!

***

Мидың ойсыз бостарынан шаршадым.
Мылжыңдардың тостарынан шаршадым.

Ұйықтатпайтын ақ жындардан шаршадым,
Күлдірмейтін қалжыңдардан шаршадым.

Ақымақтарды кешіруден шаршадым.
Ашу өртіп өшіруден шаршадым.

***

О, тіршілік!
Не берсең де арнап бер
Алтын балық ілінетін қармақ бер!
Бақыт бер де,
Бармақтай сол бақытты
Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!

Және дос бер, айтқанымды мақұл дер,
Жүйрік бер де
Соған шыдар тақым бер!
Мен жазбаған,
Жұрт жазбаған жыр сыйла,
Жүректерге соны ұғатын ақыл бер!

Мені күтіп тұрсын алда биіктер,
Шапағаты шуағыңды құйып көр.
Абырой мен даңқыңды да аяма,
Және соған майыспайтын иық бер!

***

Маған түк те керек емес – сенсеңіз.
Қызықтырма соғымыңмен ең семіз.
Қора-қора мал ұстауға болады,
Одан бірақ көтерілмес еңсеміз.
Маған түк те керек емес – сенсеңіз.

Маған түк те керек емес – сенсеңіз.
Артық нәрсе ала алмайсыз өмірден,
Адалдықтың ақ уызын емсеңіз.
Маған түк те керек емес – сенсеңіз.

Маған түк те керек емес – сенсеңіз,
Жақсы жандар – жалғыз болмай – болса егіз.
Жоқты-барды жинай беріп қайтемін,
Бәрі қалар, бәрі қалар, өлсеңіз.

Маған түк те керек емес – сенсеңіз,
Өзге жарық көмектеспес – сөнсеңіз.
Асылыңнан, алтыныңнан не пайда,
Енді қайтып оралмайды он сегіз!
Маған түк те керек емес – сенсеңіз!

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 6

«Алақан» кітабынан

Хан сарайы

Тез басылып асаудың аптығуы,
Алдап соққан талайды шаттық уы...
Күлкі деген күлкі емес бұл сарайда,
Күлкі мұнда езудің жаттығуы.

Болмайды ғой,
Болмайды шөлде бұлақ.
Шындықсыз жыр өледі жолда құлап.
Тіл дегенің – тіл емес – ата жауың,
Дос дегенің дос емес ол да құлақ!

Сырласпайды,
Болса да сөзге құмар.
Үндемейді үндейтін кезде бұлар.
Дұшпаным жоқ бұл жерде дей алмайды:
Өздері жоқ болғанмен,
Көздері бар.

Терең тамыр

Асу-асу өткелде
Араласқан жұртымыз
Бөліп жауған екі елге
Бауырласқан бұлтымыз.
(Қырғыз халқына)
Рудаки, немесе екі көздің тағдыры

Қысқа тәулік бойында
Кімді кімнің сатқанын,
Уәзірлердің ойында
Қандай сұмдық жатқанын.

Қолдайтұғын жан таппай
Қор болғанын ақылдың,
Нарқоспаққа жантақтай
Жем болғанын ақылдың.

Ақиқатты тілімдеп
Көрге қалай тыққанын,
Өтіріктің күлімдеп
Төрге қалай шыққанын.

Соның бәрін, барлығын
Өз көзіңмен көрдің сен. 

Садриддин Айни, немесе жиырма бес дүре туралы хикая

Ақындарға ұстап жүрген қолға алау
Мүмкін емес заман жайлы толғамау.
Елдің қамын жеген адам
Ел үшін
Таяқты да жеуге тиіс болғаны-ау!