«Дала дидар» кітабынан
Күрес
Өзі өмірдің адамды тірестірген,
Бірі жаңа тірестің, бірі ескірген.
Алқа-қотан отырып иісі қазақ
Азаматын өзара күрестірген.
Күрес деген осы ғой батыл-өктем,
Қимылда сен алайда ақыл-еппен.
Айласы көп әлсіздер атып ұрып,
Қулығы жоқ қара күш қапы кеткен!
Бата
Кенен ойға ұзын бол,
Қызыл тілге қысқа бол!
Өз ұлыңнан төмен бол,
Өз әкеңнен биік бол!
Қаралы елдің таңы бол,
Жаралы елдің жаны бол,
Сөніп өлме, өлсең де
Өз отыңа жанып өл!
***
Қалдырмай ескерусіз бір ісін де,
Талантты бағалаңдар тірісінде!
Кейде біз ондайлардың жасы түгіл,
Келеміз қадірлемей ірісін де!
Той – таланттың отызға келуі де,
Тойлаймыз оны біздер елуінде.
Тіріде теңіміз деп танымаймыз,
Танимыз жылап-сықтап өлігінде.
Жыр – теңіз, талант иесі – кеме дербес,
Шетінен ұзақ сапар шеге бермес.
Мыңға да келер ақын өлгеннен соң,
Елуге тірісінде келе бермес!
Не керек майдасың ба, ірісің бе?
Жақсының зая қылмай бір ісін де,
Өлгенін, жерленгенін күтіп жүрмей,
Талантты қастерлейік тірісінде!
***
Жыр составын жүйіткітіп жүргізе алмай,
Шабыттың да қолтығы тұр қыза алмай.
Сен туғыздың, ұлы Абай, жүз ақынды,
Жүз ақын жүр өзіңді туғыза алмай.
Уақыт болса зымырап өтіп жатыр,
Шыдамды да шетінен кетіп жатыр.
Күпі киген кемеңгер өзің ғана,
Макинтошты миғұла жетіп жатыр!
Тарихпен тілдесу
Менің бабам қақтаған қып аптабы
Көшіп-қонып,
Ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!
Ақиқат: талай нәрсе жетпеді де,
Алайда бабам шүкір етпеді ме?!
Астында жамбасының көмір жатып,
Қи жағып өмір бақи өтпеді ме?!
Ақиқат: талай нәрсе жетпеді де,
Алайда бабам шүкір етпеді ме?!
Астында жамбасының жермай жатып,
Жарықсыз бүкіл түні өтпеді ме?!
Кеш ұғып
Көмір деген жаңалықты,
Кешігіп
Қазақ қолға шам алыпты.
Апырай, осылай ол аңғармады-ау
Өзінің бойындағы даналықты!
***
Сүюге ешкім оқытпас,
Оқытам десе, шақыртқыз.
Ғашықтар үшін жоқ ұстаз,
Бәріміз түгел шәкіртпіз!
Келе де келе сезгенім:
Көңілде, достар, айып көп.
Сұлу бар жерде
Өзгенің
Кетеді бәрі ғайып боп!
Сұлулар өте бергенде,
Сүзіле келіп қарайсың.
Әдемі қызды көргенде,
Ақылды қызды аяйсың!
***
ШОҚ ЖҰЛДЫЗ
Әл-фараби
Қараңғы елдің ішінен қарғып тұрған
Дананы ешкім тыңдамай барлықтырған.
Зұлымдардың сан түрі сыйған дала
Білімдарға, қайтесің, тарлық қылған!
Шоқан
Қымыз бенен шұбатқа мас халықты
Оятуға құдай да жасқаныпты.
Көне қазақ өзіңмен бітпегенмен,
Жаңа қазақ өзіңнен басталыпты.
Самғапсың сен, самғауға жалықпапсың,
Түу биікте, биікте қалықтапсың.
Қыран болып аспанға көтеріліп,
Жұлдыз болып ғарышта қалып қапсың!
Ыбырай
Күнсіз жерге ұқсаған
Қараңғы елге нұр керек.
Жүз данышпан туса да,
Сенің орның бір бөлек.
***
Жоқтық үшін кірпікті
Жасқа малу – жамандық.
Барлық кейде құртыпты,
Тарлық кейде адам ғып.
Арын сатқан арамның
Алтын болса тергені,
Бар жиғаны сараңның –
Жомарттың бір бергені.
Комментариев нет:
Отправить комментарий