Еліміз Тəуелсіздік алған күннен бастап, ұлт жанашырлары ана тілімізді дамытуға барынша күш салып келеді. Бұл бағытта жүзеге асырылған шаралар да, алдағы уақытта атқарылуы тиіс шаруалар да шаш етектен. Жақында мемлекеттік тілді дамыту мақсатында тағы бір жаңа жоба дүниеге келді.Ол – «Әдеби әлем» порталы (www.adebiet.kz). Аталмыш портал «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырған «Тілге құрмет-елге құрмет» атты республикалық байқауда «Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі үздік интернет - жоба» аталымына ие болды және күні кеше оздырылған «Award.kz» ұлттық интернет байқауында «Мемлекеттік тілдегі үздік сайт» номинациясын жеңіп алды. «Әдеби әлем» порталының авторы - қазіргі таңда облыс әкімдігі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып жүрген ұлтжанды азаматтардың бірі Шыңғыс Мұқан. Ақпарат әлемін дүр сілкіндірген жаңа жобамен қалың жұртшылықты таныстыру мақсатында жақында Шыңғыс Жұмабекұлымен кездесіп, әдеби портал жөнінде әңгімелеп беруін сұраған едік.
— Шыңғыс Жұмабекұлы, жаңа жобаның авторы ретінде әдеби порталдың ашылу тарихы және оның маңызы мен мақсаты жөнінде әңгімелеп берсеңіз?
Сұхбаттасқан Айша Өтепали, Батыс Қазақстан облысы, "Қазақстан Заман" газеті, №1, 06.01.2011
— «Әдеби әлем» порталын ашу жөніндегі идея бұған дейін де Алматы мен Астанадағы әдеби ортада көтерілді. Бірақ осы күнге дейін бұл ой әңгіме күйінде қалды да, нақты қолға алынбады. Аталмыш жоба жөнінде БҚО әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен әкімнің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаевқа айтқанымда, олар мұндай мемлекеттік маңызы бар жұмысты қолдауға қашан да әзір екенін айтты.
«Басшысыз -ел жетім, жаңбырсыз-жер жетім» демекші, қолдаусыз кез-келген ойдың, жобаның, жұмыстың жүзеге асырылуы екіталай. Аталмыш жоба облыс басшыларының қолдауымен дүниеге келді. Оны облыстық тілдерді дамыту басқармасы қаржыландырды. Жаңа жоба арқылы біз енді ұлыларымызды ақпараттық тұрғыда ұлықтауға мүмкіндік алдық. Порталды ашқандағы ең басты мақсатымыз да - осы, яғни, қазақтың әдеби әлемін бүкіл дүние жүзіне таныстыру, оны ақпарат әлемі арқылы кеңінен насихаттау.
Нақты дерек көзіне сүйенсек, бүгінде әлемдегі бес мың ұлт пен ұлыстың тек 192-сі ғана Тәуелсіз ел ретінде тіркеліп, БҰҰ-на мүше болып отыр. Соның бірі – осы қазақ елі. Бұл - біздің халқымыздың тектілігін, мықтылығын көрсетеді. Әлемдегі бес мыңның үстіндегі тілдің тек 500-і ғана зерттелген десек, оның ішінде зерттелмей, жойылып кетіп жатқаны қаншама? Әлемде 3-4 апта сайын бір тіл жойылады екен. Сондықтан, ұлтты сақтап қалған тілдің жойылып кетпеуіне бар күшімізді салуымыз керек. Ол үшін білім, ғылым саласында жасалған жұмыстарды ана тілінде интернетке түсіруіміз керек. Порталды ақпарат әлеміне енгізу арқылы біз жастарды қазақ әдебиетінің озық үлгілерімен сусындата аламыз. Бұдан бірнеше жыл бұрын біз ұялы телефонға мән бермеуші едік. Қазіргі таңда онсыз өмір сүру қиын. Интернет те сол секілді, барған сайын оның өмірдегі маңызы артып барады.
Енді бір 10-15 жылда кітаптың өзі шағын компьютер түрінде шығуы мүмкін. Қазақ баласын интернетсіз қарға адым аттай алмайтын заманға қазірден дайындауымыз керек. Интернет жүйесі кітапхананы, әрине, ауыстыра алмайды, бірақ, оқу, жұмыс барысында студенттер мен қызметкерлер іздеген нәрсесін «Әдеби әлем» порталы арқылы тез арада тауып, алтын уақыттарын үнемдейді. Екіншіден, аталмыш портал арқылы шетелде жүрген қандастарымыз да елдегі әдеби әлеммен еркін танысар еді.
— Портал жұмысының қиын да, күрделі шаруа екені айтпаса да, түсінікті. Бұндай ауқымды шаруа жүзеге қалай асырылмақшы?
— Жаңа жобаның жүзеге асырылуы қашан да, қай жерде болса да қиындық тудырады. Ғасырлар құндылығына айналған үздік әдеби туындыларды электрондық нұсқаға айналдыру деген оңай шаруа емес. Және бұл шаруаны атқару бір адамның қолынан келмейді. Бүтін бір ұлтқа қызмет ететін жобаны жүзеге асыру үшін көп болып жұмылуымыз керек. Сонда ғана жасаған жұмысымыз жемісін беріп, нәтижелі болмақ.
Ал жаңа жоба бойынша атқарылған жұмысқа тоқталар болсақ, порталға жыл басынан бері 250 мың адам кірді. 160-тан аса автордың жеті мыңның үстіндегі шығармасы «Әдеби әлемге» салынды. Порталға орта есеппен күніне 1000-1500 адам кіреді. Қазіргі таңда порталға әдебиетшілердің тек ең үздік деген шығармалары ғана тіркеліп жатыр. Алдағы уақытта осы жобаны дамытып, авторлардың барлық туындыларын салсақ, әдебиетшіге де, оқырман қауымға да жақсы болар еді. Осы әдіспен біз әдебиеттегі маркетингті де дамытуға қол жеткізер едік.
— Интернет жүйесіндегі қазақ тіліндегі ақ-параттың тым аз екендігін елдің бәрі біледі. Сондықтан, «Әдеби әлем» порталын интернет жүйесіндегі қазақша ақпарат арнасының алғашқы баспалдағы десек те болатын шығар?
— «Әдеби әлем» порталы - интернет жүйесіндегі қазақша ақпарат арнасының алғашқы баспалдағы болмаса да, ұлтымыздың ұлылары жөнінде толық мағлұмат беретін тұңғыш жоба. Мақтана айтатын ұлы тұлғаларымыз бен қуана хабарлайтын жақсы істеріміз жеткілікті бола тұра, бұл жөнінде осы кезге дейін интернеттік жүйеде өз тілімізде ақпарат бере алмадық. Бұл, әрине, өкінішті жағдай, бірақ, «Ештен кеш жақсы» деп осы шаруаны биыл қолға алдық. Енді бұл жобаны одан әрі жетілдіре түсу керек деп ойлаймын. Болашақта әр сала бойынша жеке-жеке веб-сайттар ашылса, интернет жүйесіндегі жағдайымыз бұдан да жақсара түсер еді. Мысалы, физика, химия, математика, жаратылыстану, тағы басқа да көптеген салалар бойынша жүйелі жұмыс жүргізілсе, бұл интернеттегі ұлт тілінің дамуына қосылған елеулі үлес болар еді. Сондай-ақ, Gooqle веб-сайтындағы «Аудармашыға» қазақ тілі де енгізілсе деп армандаймын. Аталмыш сайттағы «Аудармашыға» мәтінді салса, 53 тілден бір-біріне аудара береді. «Аудармашыға» халқының саны бізден анағұрлым аз әзірбайжан, грузин халқының тілдері де еніпті. Сауатымыз ешкімнен кем болмаса да, осы кезге дейін «Аудармашының» тізімінде жоқпыз. Ендігі жерде осы шаруа жедел түрде қолға алынса, біраз шаруа шешілер еді. Бұл, әсіресе, журналистер қауымы үшін ауадай қажет нәрсе.
www.sozdik.kz атты веб-сайтты дайындаған азаматтар интернет жүйесінде сөздерді орысшадан қазақшаға және керісінше аударуға мүмкіндік туғызды. Осы жобаның авторлары сандық жүйедегі қазақ дауысын «word» форматына ауыстыратын бағдарлама жасауда. Аталмыш бағдарламаның жүзеге асуы біздің мемлекеттік тіліміздің интернет жүйесіндегі өрісін кеңейтеді деп ойлаймын.
Меніңше, өз ұлтын сүйетін әр азамат туған елінің, жерінің, тілінің игілігіне жарайтын іс жасауы керек. «Әдеби әлем» порталы еліміздің бір қажетіне жараса, ол-біздің ұлт алдындағы азаматтық парызымыздың титтей де болса өтелгені деп есептеймін. Ана тіліміздің мәртебесін асқақтататын жобаның Ақжайық өңірінде дүниеге келгеніне қуаныштымын.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айша Өтепали, Батыс Қазақстан облысы, "Қазақстан Заман" газеті, №1, 06.01.2011
Комментариев нет:
Отправить комментарий