понедельник, 24 января 2011 г.

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 7

«Қорамсақ» кітабынан

Болжам

Бірте-бірте жәй талдан
Бадам пайда болыпты.
Періште мен сайтаннан
Адам пайда болыпты.

Дүрегей

Қуанғаннан көкірегі нұр құшып,
Қиял құсы қырандармен бірге ұшып.
Болады деп бөрі басар қасқыр ит,
Балам менің асырады бір күшік.

Ыдыс-аяқ,
Ошақ басын жағалап.
Дәмге жақын балаларды сағалап,
Әлгі күшік бір күндері
Кәдімгі
Дүрегей болып шыға келді сабалақ.

Сәби көңіл шықпағанда құмардан,
Солғандай-ай өспей жатып гүл-арман.
Дүрегей боп бірегей боп жүргені,
Ақырында болды балам жыларман.

Өтер көңіл көп нәрсеге толмастан.
Өмір көрген мұндай іске болмас таң.
Бөрі болып өсу үшін, қарағым,
Бөлтірік боп туу керек о бастан.

Қапаланба, айналайын ұл-кенжем!
Қателік пе?!
Ол да біздер жүрген жер.
Адамдарды тани білу – ұлы өнер,
Иттерді де ажырата білген жөн.

Қазақ пен қонақ

Жігіттің қапалысын,
Азалысын
Жырменен жұбатпасаң –
Жазалысың.
Қонақсыз,
Той-думансыз өткен өмір
Өмірге саналмайды қазақ үшін.

Осындай қазақ інің,
Қазақ ағаң.
О бастан аңсағаны таза қоғам.
Адамдар арасында ғұмыр кешіп,
Адаммен араласпау –
Азам оған.

О бастан жомарт қазақ топырағы,
Ол қашан дастархансыз тоқырады.
Мейманға нәрін беріп,
Барын беріп,
Қонақтан қалғанын жеп отырады.

Халқымның ең қымбаты төрі ме еді?!
Төрден ол қай уақытта жерінеді!
Қонақсыз қалған күні
Сол қазаққа
Бір нәрсе жетпейтіндей көрінеді.

Баласы батаменен ауызданған
Бабамнан мәрттік жайлы аңыз қалған.
Болмаса өз қонағы
Көршісінің
Қонағын бірер күнге қарызға алған!

Кететін жемісіңді тонап күзде
Жел жылдар қайткенде де шолақ бізге.
Сондықтан санайды ол
Бұм өмірге
Келген бір бәріміз де қонақпыз деп.

Қырымда кездескен қазақтар

Қырым жұрттың барлығына төр бөліп,
Күн күлімдеп,
Теңіз жатты тербеліп.
Бір жасады,
Мың жасады келгендер
Суға түсіп,
Құмға қызып,
Жер көріп.

Көп екен ғой,
Көп екен ғой ғажаптар.
Жомарт өзін сақилықпен азаптар.
Қырымда да бірін-бірі қонақ қып,
Туған жерге шаршап қайтты қазақтар.

***

Тіршіліктің тыңдап көр қоңыр күйін:
Адам түгіл,
Тозады темір бұйым.
Тұрмыс пенен өмірді шатыстырма,
Тұрмыс жеңіл болғанмен,
Өмір қиын!

Ат азабын шегеді тай-құлын да,
Қанша терең сыр жатыр қайғы-мұңда?!
Шаттығың тек тұр ма екен ойын-тойда,
Бақыттың тек тұр ма екен байлығында?!

***

Кеудең кейде құса-мұңға толады,
Толады да қызыл гүлің солады.
Үйің сенің болса болар бірнешеу,
Молаң бірақ біреу ғана болады.

Мәңгі-бақи ата бермес таң күліп,
Мәнін ойла бұл өмірдің, мәңгілік!
Үйің сенің он болса да уақытша,
Молаң сенің біреу болғанменен – мәңгілік!

Мансаппенен шатыстырма мұратты,
Басқашалау қояр тарих сұрақты.
Тірідегі орынынан кей жанның
Өлгеннен соң алған орны тұрақты!

***

Бұл өмірдің асылы бар ардақтар.
Пасығы бар,
Тарайды одан тармақтар.
Сырлы көлде жем жетеді сазанға,
Сол жемдердің біреуінде қармақ бар.

Дүниені сапырыңдар,
Шайқаңдар!
Желпініңдер!
Серпіліңдер!
Байқаңдар:
Айқарыла ашылатын құшақ көп,
Сол құшақтың біреуінде сайтан бар.

***

Өзің айтшы, сыншым менің қырағы
Майға қашан тойған үйдің шырағы?!
...Бәрін, бәрін,
Бәрін алған адамға
Ә-әй, бірдеңе жетпейді де тұрады!

***

Бұл тірліктің сәттері бар сондай сұм.
Атар таңым, әдемірек болғайсың!
Тастап бәрін қылтың-сылтың мінездің
Тура жолмен жүрейін деп ойлайсың.

Тәулік бойы мәз боласың,
Тойлайсың.
Тойлайсың да,
Келесі күн оңбайсың.
Содан кейін шиша толы у түгіл,
Судың өзін көрмеспін деп ойлайсың!

Талай-талай қайталанды ондай сын.
Кейде тіпті өз үйіңе қонбайсың.
Жар көзіне жас тұндырып...
Келіншек,
Қызға қарап күлмеспін деп ойлайсың.

Күлетін іс,
Бірақ бұған күлмейсің.
Опық жейсің,
Өзіңді-өзің тілдейсің.
Тура жолмен тартып келе жатып-ақ
Қалай шығып кеткеніңді білмейсің!

***

Сүтпен бірге анаң мейір емізген,
Ақ ниетің кем болмасын теңізден.
Өседі гүл күннің уыз нұрынан,
Ал адамдар жылы-жылы лебізден.

Кім-кімнің де өнегелі бір ісін
Көре тұра көрмегендер құрысын!
Нең кетеді жақсы десең жақсыны?!
Нең кетеді дұрыс десең дұрысын?!

Бізге жеткен ата-баба сөзінен
Мен, ағайын, бір даналық сезінем.
Табам десең бір қасиет табасың
Жаман деген жолдастың да өзінен.

Жетпейді өмір тіршіліктің дауына,
Гүл отырғыз көңілдердің бауына.
Артық емес айтып қойсаң жылы сөз,
Досың түгіл,
Кейде тіпті жауыңа!

Адамдарсыз адам бағы жанбайды,
Көңіл шіркін ықыласқа қанбайды.
Жылы сөзді артығырақ айта бер,
Жаның содан жарлыланып қалмайды.

Оқасы жоқ өзен-көңіл тасыса,
Жігер берер жылы лебіз жасысаң.
Біз адамбыз,
Адам түгіл
Бұзау да
Сүйсінеді әукесінен қасысаң!

Сүтпен бірге анаң мейір емізген,
Ақ ниетің кем болмасын теңізден.
Өседі гүл күннің уыз нұрынан,
Ал адамдар жылы-жылы лебізден.

Пендешілік кім-кімге де тән деңдер.
Пайғамбарды менсінбейді менмендер.
Қай кезде де көлегейлеп күнді бұлт,
Қай кезде де үрген пілге қандендер.

Жабыменен қатар жүрсе жорғалар,
Жүрісінен жаңылар һәм қор болар.
Сұңқарларға сықылықтап сауысқан,
Сандуғашты естірпейді қарғалар.

***

Уақыт-шалғы шауып жасыл қияқты,
Қайрақ – жолдар жұқартты ғой тұяқты,
Бәрін-бәрін бастан кешіп,
Бүгінде
Отырмын түк көрмеген сияқты.

Ағайындар, жақынырақ тұрыңдар.
Алыстады кавказдар мен қырымдар.
Жоғалттым мен жолдастарды,
Достарды,
Әлі де көп жоғалтатын түрім бар.

***

Алтынды алтын,
Мысыңды мысың деймін.
Итіңді ит,
Кісіңді кісің деймін.
Бірақ Адам тұрғанда,
Ағайын деп,
Өліп-өшкен жандарды түсінбеймін.

Бұл мен жайлы сөз ғой деп қуыстанба.
Сыйысқан жөн,
Қайшы кеп қиысқаннан.
Барлық пәле шығады жұрағаттан,
Барлық сұмдық шығады туысқаннан.

Өз еркіммен бас тартып талайыңнан,
Туыс таппай,
Еңбекпен табайын нан.
Бір туғаннан шығады қызғану да,
Көре алмау да шығады ағайыннан.

Әбжыланға ақ жүрек арбалмасын,
Туысқанның туысқан жарған басын.
Қарындасың болғаннан қандай пайда,
Болмағасын, шіркін-ай, армандасың!

Туыстықпен қоздырар делебесін
Масылдарды асылдар елемесін!
Енелесің болғаннан қандай пайда,
Болмағасын, шіркін-ай, кемелесің!

Әне, туыс,
Әне, жат,
Әне, кірме...
Тегі бірдің кегі бар,
Әні бір ме?!
Қаны бірге болғаннан не пайда,
Болмаған соң шығарды жаны бірге?!.

***

Қалай тұрар бұл көзден мұң көрінбей –
Ғұмыр қысқа көктемнің гүлдеріндей.
Өмір! Өмір!
Ағызып өте шығар
Демалыстың ақырғы күндеріндей.

Мұның өзі әрі наз, әрі шыным,
Күйігіңді баспайды дәрі, шылым.
Бұл заманның қарқыны сондай қатты:
Бәрі жедел,
Бәрі тез,
Бәрі шұғыл.

Түрлі адамдар түрліше күн көреді.
Біреулер су, біреулер у береді.
Сен өмірге келіп те үлгермейсің,
Біреу сені жамандап үлгереді.

Уақыт осы –
Ол шұғыл қозғалады.
Тәрізді өмір тамыздың тозғанағы.
Бесігіңнен шығып та үлгермейсің,
Мектебіңе баратын кез болады.

Бір өртеніп, бір өшіп қыр гүлдері,
Босамайды өлеңнен жыр мінбері.
Өзің бала боп жүріп,
Бір балаға
Әке болып қаласың бір күндері.

Кеше қандай батыр ең,
Жау жүрек ең,
Жарың қандай жас еді елжіреген.
Бір күні ол кемиік кемпір болып,
Шал боласың сен өзің мәужіреген.

Қалай тұрар бұл көзден мың көрінбей!
Қызық қысқа көктемнің гүлдеріндей.
Өмір! Өмір!
Ағызып өте шығар
Демалыстың ақырғы күндеріндей.

***

Жер болмаса жеңгеге жазған аға,
Жоқтамаса жалғызын жоқтап ана...
Құдіретті сөз болып дарысам ғой
Қыз алдында қысылған бозбалаға!

Жұқармасын жүйкенің талшығы өліп,
Жақсылықты мендегі алшы бөліп.
Тасыр шөлде талықсып кеткен жанның
Таңдайына тамсам ғой тамшы болып.

Қағып тұрған гүлдердің ортасынан
Қызығамын араға бал тасыған.
Ақша таппай қысылған жомарттардың
Алтын болып шықсам ғой қалтасынан!

Шөпілдетіп шанақта күй шарабын,
Шерлі досқа шаттықтың құйшы арағын!
Үміт жібін қайтадан жалғасам ғой
Күдер үзген өмірден бейшараның!

Арман әсте тұрмайды ұя салмай,
Ағарады бірақ та мына самай:
Ойдағыға
Бойдағы күшің жетпей,
Көңіліңе
Өміріңе ілесе алмай!

***

Мидың ойсыз бостарынан шаршадым.
Мылжыңдардың тостарынан шаршадым.

Ұйықтатпайтын ақ жындардан шаршадым,
Күлдірмейтін қалжыңдардан шаршадым.

Ақымақтарды кешіруден шаршадым.
Ашу өртіп өшіруден шаршадым.

***

О, тіршілік!
Не берсең де арнап бер
Алтын балық ілінетін қармақ бер!
Бақыт бер де,
Бармақтай сол бақытты
Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!

Және дос бер, айтқанымды мақұл дер,
Жүйрік бер де
Соған шыдар тақым бер!
Мен жазбаған,
Жұрт жазбаған жыр сыйла,
Жүректерге соны ұғатын ақыл бер!

Мені күтіп тұрсын алда биіктер,
Шапағаты шуағыңды құйып көр.
Абырой мен даңқыңды да аяма,
Және соған майыспайтын иық бер!

***

Маған түк те керек емес – сенсеңіз.
Қызықтырма соғымыңмен ең семіз.
Қора-қора мал ұстауға болады,
Одан бірақ көтерілмес еңсеміз.
Маған түк те керек емес – сенсеңіз.

Маған түк те керек емес – сенсеңіз.
Артық нәрсе ала алмайсыз өмірден,
Адалдықтың ақ уызын емсеңіз.
Маған түк те керек емес – сенсеңіз.

Маған түк те керек емес – сенсеңіз,
Жақсы жандар – жалғыз болмай – болса егіз.
Жоқты-барды жинай беріп қайтемін,
Бәрі қалар, бәрі қалар, өлсеңіз.

Маған түк те керек емес – сенсеңіз,
Өзге жарық көмектеспес – сөнсеңіз.
Асылыңнан, алтыныңнан не пайда,
Енді қайтып оралмайды он сегіз!
Маған түк те керек емес – сенсеңіз!

Комментариев нет:

Отправить комментарий