понедельник, 24 января 2011 г.

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 2

«Бұлбұл бағы» кітабынан

Осы өмірдің азсынғандай азабын,
Ойлап тапқан зұлымдар неше түрін жазаның:

Ойлап тапқан сауырға қызған темір басуды,
Ойлап тапқан арқанмен буындырып асуды.

Бірақ соның бірі де жасытпаған батырды,
Бірақ соның бірі де жасытпаған ақынды!

Сосын патша олардың қанатын қайырып,
Жер аудара бастаған Туған жерден айырып.

О, зұлым-ай, зұлым-ай!
О, ант атқан, ант атқан!
Осал жерін ерлердің қалай ғана дәл тапқан!

***

О, ұзақ жол, сені жол деп айтам-ай,
Бір белесің бір белесті қайталау.

***

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер.
Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға
Қалай төмен боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Тұма-бұлақ дариядан үміткер.
Қарап тұрып мынау түпсіз теңізге,
Қалай тайыз боламыз, ей, жігіттер!

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:
Теңіз кешіп,
шың басына шығыпты ер.
Көре тұра мынау ұлы даланы,
Қалай кіші боламы, ей, жігіттер!

***

Қызылшадан сөне жаздап,
Жылаттым.
Шешектен де өле жаздап,
Жылаттым.

Суға кетіп қала жаздап,
Жылаттым.
Өртке кетіп жана жаздап,
Жылаттым.

Жанымды ерте бере жаздап,
Жылаттым.
Жамандарға ере жаздап,
Жылаттым.

Өш алуға, өмір, неткен
Шебер ең!
Жылатып жүр енді мені
Немерең!

***

Көз алмаймын кездескен бір кезіңде,
Сен дегенде қанағат жоқ сезімде.
Аспан болып кетсең-дағы сен егер,
Жанарыма құйып алам,
Сене бер!

Көрмей сені тұра алмаймын үш апта,
Сен дегенде қанағат жоқ құшақта.
Асқар тау боп кетсең-дағы сен егер,
Құшағыма сыйғызамын,
Сене бер!

Жүз сүюге, мың сүюге ерінбен,
Сен дегенде қанағат жоқ ерінде.
Мұхит болып кетсең-дағы сен егер,
Бір тамшыңды қалдырмаймын,
Сене бер!

***

Бұл сөзіме өмірінде көрмегендер түк қайғы
Күледі рас, күлетіні – пәк сезімді ұқпайды.
Махаббатты екі бөлсең, шығады өстіп зұлымдық,
Зұлымдықтың бәрін қоссаң, бір махаббат
шықпайды!

***

Көкейге мұным қонбаса,
Қызыл сөз үшін демессің.
Халықтың ұлы болмасаң,
Менің де ұлым емессің!

***

Жауқазын жыр, жапырақ ой болып жалғыз қорегім,
Жұрттың маған, менің жұртқа жоқ сияқты ед керегім.
Қазір міне сені тауып, саған ғашық болғалы,
Қыз біткеннің бәрін де енді періштедей көремін.

Тәкаппар ем бір кісідей, бір кісідей өр едім.
Тұқымында ақсүйектің, тұқымындай төренің.
Тағдыр саған жолықтырып, саған ғашық болғалы,
Таныс пенен бейтанысты – бәрін туыс көремін.

Тұл күндерді есіме алса, әлі ұяла беремін,
Тылсымы мол тіршіліктің түсінбеппін ширегін.
Арманымды – сені тауып, саған ғашық болғалы,
Адам түгіл, бауырым боп кетті қайың-терегің!

Бір қолымда ғашық жүрек, бір қолымда гүл тұрып,
Бұл өмірге қараймын мен мойынымды мың бұрып.
Жұрттың бәрі мына менше сүймейтұғын сияқты,
Менше сүйсе, бүкіл дүние кетпес пе еді құлпырып!

***

Көктемнің көгілдір кербез таңы атқанда,
Күн кірпігі – қыл қалам қырға бояу жаққанда
Шыр етіп сен түстің де, шатыққа бір бөледің,
Шаттығыңның не екенін ұмытып бара жатқанда.

Таулар тұрды енді сен бұлтым болып сөгіл деп,
Бұлтың тұрды енді сен нөсерім бөп төгіл деп.
Әке болу дегенің ауыр міндет, әйтсе де,
Мұндай ауыр міндеттен кетті жүгім жеңілдеп.

***

Кеше бір шыбық көктесе,
Көктеді бүгін бір шыбық.
Туғалы өзің
Екі есе
Тәтті боп кетті тіршілік.

Бүкпесіз шынын айтқанда,
Боламыз күндіз көп алаң.
Ақшамда шаршап қайтқанда
Аймалап сені дем алам.

Шалқытып шабыт отын мен
Шақыра алмасам музамды,
Бақытымды оқып бетіңнен,
Басамын ашу-ызамды.

Жүректен ыстық жыр көзеп,
Жуамын нұрға көзімді.
Қызынып алам бір мезет
Күн қылып ұстап өзіңді.

Басталды өстіп менде бір
Күлкіңмен сенің емделу.
Еке есе қымбат енді өмір,
Екі есе қиын енді өлу!

***

Әке-шеше жігіт қылған жеті ұлды
Тастап кет деп сені талай өтінді.
Тастамадық. Бізді баққан ата-ана
Сені бағып-қаға алмайтын секілді.

Айтқаныңның бәрі бізге өтімді,
Ешқашанда қайырмадық бетіңді.
Сен бір мықты,
Сендей тентек, қысқасы,
Бізде бар да, басқа да жоқ секілді.

***

Қара жердің қарашығым, үсті кең.
Тұрады өмір әлсіздер мен күштіден.
Жылап келме ешқашан да таяқ жеп,
Шағым етіп біреулердің үстінен.

Жетпей әлің алысқанда күштімен,
Жасып қайтсаң, қайрап қалам тісті мен.
Жеңіл маған: өзің емес, өзгелер
Жылап келсе, шағым етіп үстіңнен.

Жасын сығып, бір ғана емес, мың жұтқан
Жасықтардан жаужүректі кім жыққан?!
Шындап кетсе, шығаратын бірдеңе
Тентегіңнің өзі жақсы ынжықтан!

***

Енді қазір іріміз,
Уақыт жоқ деп сарнаймыз.
Бірімізге-біріміз
Шақырмасақ бармаймыз.

Көңілдерге жыр екен
Ғажап еді арық шақ.
Семірген соң жүрекке
Түскені ме жарықшақ?!

Достар! Достар жұлдыздан
Болушы еді көп тіпте.
Соның бәрін бір қызға
Айырбастап кеттік пе?!

***

Кездескенде қалатұғын шұрқырай
Балалықтың оралмады-ай бір күні-ай!
Барлығымыз бір ауыл, бір көшеде!
Тағы солай тұрар ма едік, шіркін-ай!

***

Айтамыз біздер ақын деп
Адамды шоқ боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған.

***

Жалқаулық құштар жеңуге,
Жауымдай мені ол бағады.
Ұрықсат сұрап енуге,
Ұйқы боп есік қағады.

Мен бірақ ондай итіңді
Жауыма балап атамын:
Ұлыдан қашқан ұйқыңды
Қалайша паналатамын?!

***

Ақын болып тұйық жан саналмадым,
Көкіректі тас қылып жаба алмадым.
Әңгімеде кей сырды жасырсам да,
Өлең-жырда сыр бүгіп қала алмадым.

Қала алмадым, басыма тиеді деп,
Қала алмадым,
Ерінім күйеді деп.
О-ой, өлеңнің аузына сөз тұрмайды,
Оқушы оны сол үшін сүйеді де!

***

Шықпасам біреулермен қағысуға,
Ойлама кетті екен деп салы суға.
Кез келген қызғаншақпен, іш мерезбен
Уақыт жоқ шабысуға, алысуға!

Алыссам, жасың күлсін, кәрің күлсін!
Ақындық асқақтығым,
Арым күлсін!
Мен атсам адамды емес, аспанға атам,
Басқалар мылтығымның барын білсін!

***

Әбуге

Әбеке, орның бөлек қой,
Бөлек қой орның әманда.
Құдайдай адам керек қой
Құдайсыз мына заманда!

***

Көңіл шіркін тыпыршыған қамаулы ат,
Жетпісте де бақытыңды қал аулап.
Үлкен жүрек күн емес пе,
Күн деген
Батқанда да батпаушы ма ед алаулап!

Комментариев нет:

Отправить комментарий