понедельник, 24 января 2011 г.

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 3

«Ой орманы» кітабынан

Бораса да қай жақтан.
Бомба адамға түседі.
Негр жеген таяқтан
Менің арқам іседі.

Осылайша әманда
Ойсыз күнім өтпейді,
Тиген соққы адамға
Маған тимей кетпейді.

***

Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді.
Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын.

***

Білмейміз өлгендерді,
Бір белгі қалмаған соң;
Айтпаймыз сөнгендерді,
Алаулап жанбаған соң.

Сүрінсең таба алмас,
Сірә, мән бермегендер.
Теңдікті бағаламас
Теперіш көрмегендер.

Егіліп жыламайды
Ешкімді ықпағандар;
Биіктен құламайды
Биікке шықпағандар!

***

Өмір өзі суарған
Ой деген де ну орман.

***

Жастығым өтті деп не керек уайым ғып,
Жігіттік дегенің – қартыққа дайындық.
Жылама, о, досым, жігіттік тәмәм деп,
Жыла сен қарттыққа дайындық жаман деп!
***

Байқамайды екенбіз,
Бақыт деген – екеуміз.

Аяқ екеу, қол да екеу,
Көз-жанарың ол да екеу.

Екеу қас та, құлақ та,
Жүрек жалғыз бірақ та.

Сондықтан да сол жүрек
Елегізіп, елжіреп,

Естісем деп лебізін,
Іздейді екен егізін!

***

Жаман ба, жақсы ма, біздер де сүйдік қой.
Сүйдік қой, көп сырды көңілге түйдік қой.

Бозбала, өзің де ұғасың мұны әлі,
Сүйгенді ешқашан деме сен кінәлі.

Одан да жыр оқы,
Қыздарға гүл апар,
Жас адам сүймеген күні үшін күнәкар!

***

Махаббат па?
Таныс ауыл біз барған:
Көресіні көрдік ыстық, ызғардан...
Құтылам деп сенсеңіздер (әй, қайдам!).
Қашыңыздар, уа, жігіттер, қыздардан!

Мен де қаштым. Қашып жүріп түңілдім.
Бас сауғалап, жүректерге үңілдім.
Жоқ, болмады.
Болмаған соң ақыры
Бір қыздың кеп құшағына тығылдым!



***

Махаббаттың тұңғыш жыры – тіл қатпау,
Тіл қата алмай қыз соңында бұлғақтау;

Келесі жыр – сіңіп қалған иіс су
Қос бұрымды сипай беру, сүйісу;

Үшінші жыр – үшіншісін айтпаймын,
Таң білінбей олар үйге қайтпайды;

Төртінші жыр – той қамына кірісу,
Кірісе сап жоқ нәрсеге ұрысу;

Бесінші жыр – тағы қайта келісу,
Бар қайғыны, қасіретті бөлісу;

Махаббаттың соңғы жыры – үйлену,
Күйеу болып, келін болып үйге ену.

Сосын жарды мың сүйесің, мың құшып,
Бірақ естен кетпейтіні – тұңғышы!..

***

Бір-біріне ұқсамасын ақындар!
Ақын түгіл ұқсамайды жақындар.
Өйте берсе бәрін қуып, халайық,
Біреуін-ақ қалдыруға қақың бар!

Мейлі таныс, мейлі алыс сынасын,
Мейлі сөксін, айтпасты айтып сыбасын!
Қалай десе, олай десін,
әр ақын
оқырманға,
Өз еліне ұнасын!

Ұқсамасын олар анау-мынаумен,
Ұқсасын тек оқырманға ұнаумен!

***

Өзіме өнердегі дәу талабым:
Келмейді құдайды да қайталағым!
Кемел жыр жазған сайын, сезеді ішім,
Қайтейін, доспен бірге жау табамын.

Жауымның ала сала даттағаны –
Жәдігөй достарымның мақтағаны.
Асылы, ақын үшін құрмет
Мақтаудың, даттаудың да қаптағаны.

Туса өлең, қосам бойға күш тағы да,
Тұрғандай болам өмір ұшпағында.
Ең жақын досым менің – мен өзіммен,
Мен өзім – ең қауіпті дұпаным да!

***

Бетіңнен қайтуға
Болмысың көнбейді,
Өтірік айтуға
Оқырман сенбейді

Ақылдан аздың ба?
Көзіңді шұқиды.
Қиналмай жаздың ба?
Қиналып оқиды.

Жырыңды ұқпаса,
Жоғалып кет дейді.
Жүректен шықпаса,
Жүрекке жетпейді.

Сен өзің сездің бе,
Жыр жоқ қой мінелмес,
Қаламдас, біздің де
Күніміз күн емес!

Комментариев нет:

Отправить комментарий