понедельник, 24 января 2011 г.

Қадыр Мырза Әли: Шуақты шумақтар - 1

     Қадыр ағаның қайтқаны жөнінде суыт хабар алған бойдан, дарабоз дарынның кітаптарын тағы бір парақтап шықтым. Көңілге қонған шумақтарға қайта оралып отыру үшін астын сызып қоятын әдетім бар еді. Жаттап жүрер шумақтарды теріп шығып, "Шуақты шумақтар" деген атпен Қадыр Мырза Әлидің жыр жолдарын қалың оқырман назарына ұсынып отырмын.


«Ақ отау» кітабынан

Жер

Бұл қара жер болған бізге кең мекен,
Кең мекенге қанша қауіп төнді екен!
Білсең оны,
Төбе шашың тік тұрар,
Бишараның көрмегені кемде-кем!

Жүйрік

Жүйрікке шабудан да самғау оңай,
Жүйрікке қалудан да озу оңай!

Арман

Бір шөлден өтсем, тұрады алда бір шөлің,
Бір көлден өтсем, тұрады алда бір көлің.

Өстіп-ақ жүріп болармын әлі кәрия,
Өзеннен өтсем, тұрады алда дәрия.

Расул Ғамзатовқа

Тентегің де туламай,
Түрген жырға құлақты.
Ақ батасын ұлы Абай
Саған берген сияқты.

Алатаудай сүйікті
Кавказда сен ер жеттің.
Өлеңде де
Биікте
Туғаныңды көрсеттің.

Бүкіл таудың жыр-әні
Қонып саған тұр әлі.
Авар – сенің ұраның,
Сен – авардың құраны.

Осал болса,
Жырыңа
Ел көңілі толмайды.
Аз халықтың ұлына
Ұлы болмай болмайды!


Диогеннің монологы

Ойлан!
Ойлан!
Ерте деме, кеш деме!
Ойдан қымбат жоқ дер едім ештеңе.
Одан кейін – шүкіршілік,
Ол болса,
Баспанаға жарып жатыр бөшке де!

Сатылмағын сән-салтанат,
Сәулетке.
Ол бәрібір баяндамас әулетке.
Шындық ізде,
Ізде және Әділдік.
Көзің сатпай кәрі сайқал дәулетке.

Бал болғасын жоғалады, бітеді,
Бір ғажабы, жоғалмайды жоқ нәрсе!

Байлық!
Байлық!
Байлық деген батпан сор,
Адамзатты тура жолдан қаққан сол!

Ағыл-тегіл дүниең де жетпейді,
Әділеттің өзі жетпей жатқан соң!

Комментариев нет:

Отправить комментарий